2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 1940 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем (бұдан әрі – АӘТ) тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 1957 адам өтініш білдірген.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 128 адам жүгінді, оның 127-не арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 1829 адам өтініш білдіріп, оның 1813-іне тағайындалған.
Міндетті шартқа сәйкес келмеуіне байланысты 1 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды, сондай-ақ 16 азаматтың өтініштері қарау сатысында тұр.
Сондай-ақ, 74 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартының жасалуын күтуде, 50 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген.
Өңірлер бөлінісінде арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 17 адам, 4 көзден – 217 адам), Шығыс Қазақстан (2 көзден – 16 адам, 4 көзден – 180 адам) және Қостанай (2 көзден – 2 адам, 4 көзден – 180 адам) облыстарында тіркелді.
Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.