Мемлекет басшысына холдингтің былтыр атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, биылғы жоспары таныстырылды.
Негізгі көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, холдинг тарапынан 6 трлн теңгеге жуық қолдау көрсетілген. Оның 4,1 трлн теңгесі ірі, орта және шағын бизнесті қолдауғаа, ал 1,9 трлн теңгесі тұрғын үй-құрылыс секторына бағытталған деді басқарма төрағасы.
Холдинг активтері 14,1 трлн теңгеге жеткен;
Инвестициялық және несие портфелі 10,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған;
Таза табыс 416 млрд теңгені құрады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» базасында екі кепілдік қоры іске қосылған:
– Оның бірі шағын және орта бизнесті қолдауға арналған.
– ал екіншісі құны 7 миллиард теңгеден асатын ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.
Тікелей инвестиция тарту бойынша бірқатар бастама, соның ішінде шетелдік серіктестермен бірлескен қорлар арқылы ауыл шаруашылығы, өңдеу және тау-кен металлургиясы салаларында жобалар жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған қорлар «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында құрылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингіне екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыруға қаржы тарту мәселесін шешуді тапсырды.
Президент алға қойылған жоспарларды тиімді іске асыру қажет екеніне баса назар аударды.