Өткен аптада Шымкент қаласы аумағында тергеу органдарының өндірісінде барлығы 119 қылмыстық іс тіркеліп, оның небәрі 5-уі ғана сотқа жолданған.
Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі алаяқтық (31 іс), ұрлық (39 іс), есірткі заттарының заңсыз айналымы (11 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты (10 іс) болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
«Қала тұрғындары мен қонақтарына пәтер алу және өзге де әлеуметтік көмектер мәселелері бойынша алаяқтық фактілерінің жиілеуіне байланысты тек заңмен уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуді ұсынамыз. Сондай-ақ, интернет желілеріндегі есірткі заттарын жарнамалайтын заңсыз дүкендердің қолжетімділігі жастар арасында есірткі заттарын қолдану және тарату фактілерінің артуына себеп болуда. Мемлекет тарапынан жастарға білім алуға, спортпен шұғылдануға, кәсіпкерлікпен айналысуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелерде жұмысқа орналасуға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Өткен аптада есірткіге қатысты тіркелген қылмыстар бойынша ұсталған азаматтардың жасы 18-30 жас аралығында – 7 адам, 30-60 жас аралығында – 4 адам. Барлығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Жастарды құқық бұзушылықтан алшақ болып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға шақырамыз. Қала аумағында жол-көлік оқиғалары да жиі тіркелуде. Бұл оқиғалардың негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, жол қозғалысы кезінде ұялы телефонды пайдалануы, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, кәмелетке толмағандардың скутер және электросамокат құралдарын жол ережесін сақтамай басқаруы, сондай-ақ масаң күйде көлік жүргізуі болып отыр. Осы себепті қала тұрғындарын көлік құралдарын басқару кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал ата-аналарды кәмелетке толмаған балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында жоғары жылдамдықтағы жеке көлік құралдарын басқаруына тыйым салуға шақырамыз. Сондай- ақ, қалта ұрлықтары негізінен адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, базарларда, қоғамдық көліктерде және мерекелік іс-шаралар кезінде тіркелетіндіктен, тұрғындарға бағалы заттар мен ақшаны ашық түрде немесе қалтада сақтамауға кеңес береміз. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында сақтық шараларын күшейтуге, заң талаптарын орындауға және өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз»,-деді қала әкімдігінің ресми өкілі.