Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жүйесі күшейтілуде: өңірлерде 330-дан астам тәлімгер жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Жиында балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдері, отбасылық құндылықтарды дамыту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және баланы орналастырудың баламалы түрлерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Жыл қорытындысы бойынша енгізілген маңызды жаңалықтардың бірі – баланы тәрбиелеудің жаңа түрі ретінде кәсіби қабылдаушы отбасылар институтының іске қосылуы болды. Бұл әдіс балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өсуіне мүмкіндік беріп, олардың ең осал кезеңінде тұрақтылық пен қамқорлықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң шеңберінде алғаш рет қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санына қатысты нақты норматив бекітілді – әрбір 5 мың балаға бір маманнан. Қазірдің өзінде өңірлерде 900 қосымша штат бірлігі құрылған. Бұл отбасыларды қолдау мен алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге жол ашады. Сонымен қатар, тәлімгерлік институты да белсенді дамып келеді. Бүгінде 330-дан астам тәлімгер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жүргізіп, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесуде.
«Кәсіби қабылдаушы отбасы – бұл ерте кезеңде қолдау көрсетудің маңызды тетігі. Мұндай отбасы қиын жағдайда қалған баланың алғашқы күндерден-ақ отбасы жылуын сезініп, тұрақты қолдау алуына мүмкіндік береді. Өңірлер бұл бағытта белсенділік танытып, кәсіби жауапкершілікпен жұмыс істеуі қажет. Өйткені баланың өзін қауіпсіз сезінуі жергілікті жерлердегі қолдаушы ортаға байланысты. Біз әр басшының, әр маманның бастамашылдығы мен жауапкершілігіне сенім артамыз», – деді министр.
Кездесу соңында министр балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде ерекше көзге түскен ұйым басшыларына алғыс хаттар мен ведомстволық марапаттар табыстады.
Қазіргі таңда елімізде 110-нан астам балаларды қолдау орталығы, балалар ауылдары, медициналық-әлеуметтік және арнайы мекемелер жұмыс істейді.