Қазақстанның оңтүстік аймақтарында су шаруашылығы жүйесі вегетациялық кезеңде тұрақты жұмыс істеуде. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті хабарлады.
Алматы және Жетісу облыстарында вегетациялық кезең қалыпты режимде өтіп жатыр. Жамбыл облысында да егін шаруашылығына қажетті су ресурстары жоспарға сәйкес бөлініп, жұмыстар ретімен жүргізілуде.
Су ресурстары бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, биылғы суару маусымында көршілес Қырғыз Республикасымен бірлесіп су пайдалануды үйлестіру мақсатында нақты шаралар қабылданған.
«25 сәуірде Астана қаласында өткен Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының 35-ші отырысында ағымдағы суару маусымына арналған су беру кестесі келісіліп, бекітілді. Қабылданған шаралар мен келісілген кестелер Жамбыл облысының аграрлық секторының суға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік беріп отыр», – деді вице-министр.
Мамандардың айтуынша, үйлестірілген жұмыстар мен халықаралық ынтымақтастық оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығын тиімді дамытуға жол ашуда.