Республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының (ПБХҒО) кардиохирургтары салмағы 1500 г болатын шала туған нәрестеге сәтті ота жасап, өмірін сақтап қалды. Сәбиге уақытша электрокардиостимулятордың эпикардиалдық электродтары орнатылды.
Жүктіліктің 30 аптасында ұрыққа кардиомегалия мен брадикардия диагнозы қойылған, жүрек соғу жиілігі – минутына 49 рет. Бала мерзімінен бұрын, 1550 грамм салмақпен дүниеге келіп, ауыр жағдайда болды. Жүрек соғысының баяулығы оттегі мен қоректік заттардың жеткізілуіне кедергі келтіргендіктен, 22-күні уақытша кардиостимулятор орнату туралы шешім қабылданды.
Отадан кейін баланың жағдайы жақсарып, жүрек соғысы жасына сай деңгейге (130–140 соғу/мин) жетті, салмақ қоса бастады. Дене салмағы 2000 грамға жеткенде тұрақты кардиостимулятор қойылмақ.
Операцияны кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Алмас Бердібеков неонаталдық реанимация дәрігерлерімен бірлесіп жүргізді. Қазіргі уақытта сәби неонатология бөлімшесінде бақылауда.