Қала прокуратурасының қадағалауымен жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне арнайы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, құмар ойынның жетегінде кеткен 161 қызметкер белгілі болды. Олар бір жылдың ішінде 757 млн теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңсенің қазынасына құйған. Оның ішінде 50 қызметкер заң қабылданған соң, құмар ойын ойнауын тоқтатпаған.
БЕГЖАН ҚҰЛАТАЕВ, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары:
«Қала прокуратурасы қадағалау ретімен жергілікті атқарушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнаманың ьалаптарына сәйкес талдау жұмыстарын жүргізді. Өздеріңізге белгілі, былтыр мемлекет басшысы 8 шілде 2024 жылы ойын саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты бірқатар заңдарға өзгеріс енгізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заң талаптарына өзгеріс енгізілген. Жалпы талдау барысында жергілікті атқарушы органның 161 қызметкері интернет желісі арқылы олимпбет тотализаторына бәс тіккені анықталды. Оның ішінде 50 қызметкер заң қолданысқа енгеннен кейін 443 млн теңге бәс тіккен»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сәйкес, интернет желісінде құмар ойындарға бәс тіккен мемлекеттік қызметкер, жұмыстан босатылуы тиіс. Олардың тәуекелге құрылған заңсыз әрекеті комисияның қарауында.
Айта кетейік, 2024 жылы арнайы заң қабылданған болатын. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылатыны айтылған.