“Креатив – экономика емес, идеология”: Журналист Олжас Әбдіхалықпен сұхбат

33

Қазақ журналистикасы мен медиа кеңістігі жаңа мазмұн мен жаңа бағытты талап ететін кезеңге қадам басты. Дәстүрлі журналистика форматы жаңғырып, цифрлық медианың,  креатив индустрияның рөлі күшейіп келеді. Осындай өтпелі шақта теория мен практиканы ұштастырып, өз жолын қалыптастырып келе жатқан заманауи медиа мамандарының ішінде Олжас Әбдіхалықтың орны ерекше.

Ол – тек журналист емес, деректермен сөйлейтін сарапшы, шығармашылық индустрияның ізденімпаз өкілі, бірнеше ірі жобаның авторы әрі жетекшісі, қазіргі уақытта PhD деңгейіндегі ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген зерттеуші. Оның кәсіби жолы – телевизия, онлайн медиа, баспасөз, деректі жобалар және ғылыми ізденістің қиылысқан картасы іспетті.

Біз бүгінгі сұхбатымызда Олжас Әбдіхалықпен Қазақстандағы креативті индустрияның мүмкіндіктері мен қиындықтары, data-журналистиканың болашағы, сондай-ақ ақпаратты жаңа формада жеткізудің жолдары туралы кеңінен әңгімелестік.

Тілші: Олжас мырза, әңгімемізді бүгінгі медианың трансформациясынан бастасақ. Қазіргі ақпараттық кеңістік сіздің ойыңызша қайда бет алды?

Олжас Әбдіхалық: Ақпараттық кеңістік бұрынғыдай тек жаңалық жеткізетін алаң емес, қазір бұл — құндылық қалыптастыратын құрылым. Бұрын ақпаратты кім бірінші жеткізсе, сол жеңімпаз саналатын. Ал бүгін — ақпаратты қалай интерпретациялайсың, қандай форматта ұсынасың, аудиториямен қандай байланыс орнатасың деген сұрақтар бірінші кезекте тұр. Журналистика эмоция мен дерек арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысады. Бұл жерде storytelling, data visualization, метаақпарат, интербелсенділік — бәрі бірге жүреді.

Тілші: Сіз “Data-журналистика” саласы бойынша ғылыми жұмыс жүргізіп жатырсыз. Қазақстандағы бұл бағыттың жағдайы қандай?

Олжас Әбдіхалық: Data-журналистика – бізде әлі де қалыптасу сатысында тұрған сала. Журналистер ресми статистика мен үлкен дерек қорларын пайдалану мүмкіндігіне ие болса да, оны сараптап, визуализациялап, оқырманға ұғынықты тілмен жеткізу әлі де кенже. Менің PhD деңгейіндегі зерттеу жұмысым – цифрлық медиадағы деректерді баяндау (data storytelling) мен фактчекинг мәдениетінің даму эволюциясына арналған. Еліміздегі бірнеше редакцияда эксперименттік зерттеулер жүргізіп жатырмын. Жаңа медианың тілі енді дерекке негізделеді. Құр эмоциямен жұмыс істеу – аудитория сенімін жоғалтудың ең қысқа жолы.

Тілші: Креативті индустрия – бүгінде әлемдік тренд. Бұл тақырып сіздің де назарыңызда екенін білеміз. Қазақстандағы креативті экономика мен медиа арасындағы байланыс туралы не айта аласыз?

Олжас Әбдіхалық: Креативті индустрия – бұл жай өнер немесе мәдени өнім ғана емес. Бұл – жаңа экономиканың өзегі. Медиа – осы индустрияның басты құралдарының бірі. Алайда бізде креативті индустрияны көбіне шоу-бизнеспен немесе графикалық дизайнмен шектеп қарастырады. Ал шын мәнінде, оған геймдизайн, деректі кино, подкастинг, анимация, интерактив журналистика, медиа-арт, XR/VR жобалар, медиаархитектура сынды бағыттардың барлығы кіреді. Мен қазір осы бағытта бірнеше креатив жоба жасап жатырмын, оның бірі — визуалды сторителлингке негізделген интерактивті мультимедиалық жоба. Біз контент өндірісін экономикалық табыс әкелетін сала ретінде қарастыруды үйренуіміз керек.

Тілші: Осы орайда, сіз креатив жобаларды қай бағытта дамытып отырсыз?

Олжас Әбдіхалық: «QStar Group»-та біз көрерменнің қатысуына негізделген, яғни интерактивті телевизиялық жобалар жасай бастадық. Мұнда көрермен енді тек ақпарат тұтынушысы емес, оқиға барысына ықпал ететін субъекті. Бұл — дәстүрлі медианың шеңберінен шығудың маңызды бір қадамы.

Ал «SAQ» журналында біз визуалды аналитика мен нарративті журналистиканы біріктіруге күш салып отырмыз. Бұл медианы жаңа деңгейге көтеретін тәсіл ғана емес, сонымен қатар ақпаратты қабылдау мәдениетін де жаңғыртады. Сонымен бірге, деректі кино мен шынайы тарих негізіндегі форматтарды цифрлық ортаға икемдеуді де қолға алдық. Яғни дерекке негізделген оқиғаны тек мәтінмен емес, бейне, графика, интерактив элементтер арқылы да ұсыну – бүгінгі оқырманның сұранысына сай.

Жалпы менің ойымша, жаңа дәуір – кросс-медиа дәуірі. Яғни бір оқиға бірнеше платформада, әртүрлі формада өмір сүруі керек: мақала – подкастқа, подкаст – деректі фильмге, фильм – әлеуметтік желідегі визуалға айналуы тиіс.

Бүгінде біз “LStories Ләйлә Сұлтанқызымен”, “IQ Business Live Айгүл Мүкеймен”, “КиноStar Абай Асылханмен”, “О, nation Ольга Спиринамен” сынды шоу бағдарламалар мен подкасттарды халыққа сапалы, креативті әрі ойлы контент ретінде ұсынуға үлес қосып келеміз. Бұл жобалардың әрқайсысы – медиа мен қоғам арасындағы жаңа типтегі сұхбат алаңы. Олар заманауи аудиторияның талғамына сай, интеллектуал контентке сұраныс бар екенін көрсетті.

Тілші: Қазақстандағы креатив индустрия қандай кедергілермен бетпе-бет келіп отыр?

Олжас Әбдіхалық: Біріншіден, институционалдық қолдаудың әлсіздігі. Креативті индустрияны дамытуға арналған заңнамалық негіз, гранттық бағдарламалар, оқыту экожүйесі әлсіз. Екіншіден, нарықтың өзі шағын, сұраныс төмен. Үшіншіден, тұтынушы мәдениеті әлі де қалыптасу сатысында. Креативті өнім – шетелдік трендтің көшірмесі емес, локал контексті бар, өзіндік философиясы бар дүние болуы керек. Ол үшін контент жасаушының да, қабылдаушының да мәдениеті, талғамы, талдауы болуы шарт.

Тілші: Креатив салаға бет бұрған жастарға қандай бағыттар болашағы бар деп ойлайсыз?

Олжас Әбдіхалық: Подкастинг, деректі кино, анимациялық сторителлинг, медиа-жобалау, геймификация, AR/VR жобалар – бәрі өзекті әрі болашағы бар. Мысалы, деректі подкаст — өте қолжетімді, бірақ әлі толық дамымаған алаң. Немесе «immersive journalism» – виртуалды шындық арқылы оқиғаға тікелей қатысу тәжірибесі. Жастар осы бағыттарды игерсе, тек шығармашылық қана емес, табысты кәсіп те қалыптастыра алады.

Тілші: Сіздің ғылыми жұмыстарыңыз бен практикалық жобаларыңыз тоғысып жатқандай. Бұл саналы түрде жасалған синтез бе?

Олжас Әбдіхалық: Иә. Мен үшін ғылым – практикадан алыстау емес, оның дәл әрі жүйелі формасы. Мысалы, менің зерттеуімде журналистік деректердің қабылдану психологиясы, визуалды контенттің нейроәсері, сенім индексі сияқты көрсеткіштер қарастырылады. Осы деректер жобаларда да қолданылады. Біз эмоцияға ғана емес, ғылыми анализге сүйенген медиаға көшуіміз керек.

Тілші: Тамаша ойлар мен нақты талдауларыңыз үшін үлкен рақмет!

Олжас Әбдіхалық: Рақмет! Осындай алаңдар көбейе берсін. Біз сөз арқылы өзгеріс жасай алатынымызға сенейік.

Сұхбаттасқан Алина Ыдырыс

Алдыңғы пост
Қаскелеңде мектеп бітіру кешінде түлек көз жұмды
Келесі пост
Алматы қуыршақ театры «Ортеке» фестивалінің Гран-при жүлдесін иеленді

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu