Жамбыл облысында ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды. UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова тізгіндеген көлік аударылып, салдарынан екі жолаушы көз жұмды.
Оқиға, Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші Toyota Land Cruiser көлігінің тізгініне ие бола алмаған.
Бақ беттеріндегі мәліметке сәйкес, ол ұлымен және бірнеше жолаушымен бірге Қарағандыдан Алматыға жол тартқан.
Гүлайым Рахмонова мен 3 жастағы ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Аурухана өкілдерінің айтуынша, науқастарға ота қажет болмаған. Қазіргі таңда жағдайлары тұрақты.
Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі — “Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу” бойынша тергеу бастады.
Қосымша мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланбайды.