2025 жылдың шілде айында Қазақстанның түрлі аймақтарында терроризмге қатысты қылмыстар жасаған 7 азамат сотталды. Бұл істердің барлығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) материалдары негізінде қаралды.
Түркістан қаласының соты шетелдік террористік ұйымның қызметіне қатысқан жергілікті тұрғынды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол бұған дейін шет мемлекетте ұсталып, серіктес арнайы қызметтердің көмегімен Қазақстанға экстрадицияланған болатын.
Алматы облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан радикалды идеологияны ұстанушы сотталушы кісі өлтіруге оқталғаны және терроризмді насихаттағаны үшін қосымша 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Алматы, Астана қалалары мен Жамбыл, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының соттары терроризмді насихаттап, шетелдегі соғыс аймақтарына шығуға әрекеттенгені үшін 5 қазақстандық азаматты 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге соттады.
ҰҚК терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жалғасып жатқанын мәлімдеді.