Арыстағы жарылыс: жөнделген үйлердің сапасына кім жауапты?

09 шілде, 23:32

Бүгін Арыстағы 4 сектор штабында қаланы қалпына келтіру жұмыстары бойынша ​болып өткен брифингте сондай-ақ, жөндеуден өткен үйлердің кепілдік уақыты туралы мәселе де көтерілді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек қатысушыларға сарайымызды жөндеп бермейтін болды деген тұрғындардың шағымын жеткізді:

«Маған қазір осы Арыс қаласының тұрғындарынан келіп түсіп жатқан ең бірінші шағым - мына қабырғасы жарылған, снарядтар бәрін кесіп өткен үйлер бойынша. Соны бітеп беріп жатыр дейді. Көптеген жарамсыз үйлерді бітеп беріп жатыр, жыртылған нәрсені тігіп беру дұрыс емес. Ал бұл - үй. Бірінші орында адам қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Әкімнің өзі айтқан, халық митингке шыққан кезде, қызыл кірпіштен үй салып береміз деп. Халық қызыл кірпішті де армандай алмай қалды. Әр үйге қанша ақша бөлініп жатыр, қандай компания ұтып алып жатыр, қандай мердігер, мұның бәрі қазір жабық жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, снаряд таңдап ұшқан жоқ. Сарайлар да бүлінген. Сарайларыңның құжаты жоқ, біз оны соғып бермейміз деп жатыр екен. Неге олай айтады. Әсіресе Астанадан келген BI Group комнаниясы осылай жасап жатыр екен. Алалайтын болса ол компанияға бұл жерден үй салуға мүмкіндік бермеу керек»,-деді қоғам белсендісі Айгүл Орынбек.

Үйлердің жарамдылығын тексеретін арнайы маманның бар екенін жеткізген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев аталған жайтты жоққа шығарып, өз уәжін айтты.

« BI Group комнаиясы үкіметтен бір тиын ақша алмай, 100 млн теңге бөліп, үйлерді салып жатыр. Ол компания бірінші болып, «біз көмектесейік, ең қиын учаскені беріңіз» деп келді. Сол жерден оларға 100 үй бөліп бердік. Бүкіл әкімдік өз бюджетінен, халықтан, кәсіпкерлерден жинаған ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сіз айтқандай тендер емес.

Әр үйге зерттеу жасалды. Басында 25 үй сүріліп, қалғандары жөнделеді деп шешімге келгенбіз. Бірақ әр үй зерттелген соң бүгінгі күннің есебімен 149 үй қайта салынатын болып шешілді. Себебі мамандар жөнделеді деген үйлердің ішінен жөндеуге келмейтін, тұруға қауіпті үйлерді анықтап, сүріп, қайта салуға ұсыныс беріп жатқандықтан бұл сан көбейіп жатыр. Олар ешкімді қауіпте қалдырмайды. Олардың да бастары екеу емес»,-деді вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев.

Десе де снаряд тиген сарайлар жөнделе ме, жоқ па, бұл мәселе басы ашық күйінде жауапсыз қалды.

Ал, жөндеуден өткен үйлерге кепілдік беріле ме, жел мен жауын-шашыннан кейін ол үйлерден су өтіп, қабырғалары қақырамауына кім кепіл? Дәл сондай жағдай орын алса, қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізуді кім, қай компания өз мойнына алады, жауаптылық кімге бекітіліп беріледі деген өзекті сауалға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев қысқа жауап қайырды:

«Оны мердігерлермен келісіп, ойланып, сізге 1-2 күнде жауабын береміз».

Дегенмен жауаптылар жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлердің сапасына баса назар аударатындарын жеткізді.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже