Шымкент әкімдігі Арыстағы зақымдалған үйлерді жөндеп беретін болды

26 маусым, 19:54

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов журналистерге берген брифингте айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Арыс қалпына келтіріледі. Осылай деген шахар басшысы өзге өңірлермен қатар Арыстағы тұрғын үйлер мен, әлеуметтік нысандарды жөндеуге Шымкент қаласы да ат салысатынын айтты. Бұл шешім Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен Арыс қаласындағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдарды қалпына келтіру мәселелері бойынша өткен жиналыста қабылданған. Ол бойынша Үкіметтен қаржы бөлінетін болды.

"Арыс қаласы шартты түрде 17 сектрге бөлінді. Яғни 17 өңірге бөлініп беріледі. Шымкент қаласының да өз секторы бар. Ол жерде үйлерді және әлеуметтік нысан – аурухананы жөндеуден өткізетін боламыз",-деді қала басшысы.

Түркістан облысы бойынша ашылған гуманитарлық қордан бөлек, қалада да арнайы есеп ашылды. Ол қорға кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар, мемқызметкерлер ақша аударуда.

"Ол қаражатты біз зардап шеккен тұрғындарға, қаланы қалпына келтіруге жұмсаймыз. Келіп түскен қаражат пен жаратылған қаражаттың есебін БАҚ арқылы қосымша хабарлаймыз",-деді Ғабидолла Әбдірахымов брифинг барысында.

Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан басқа, Арыстағы сауда орындары, кәсіпкерлік нысандар да жөндеуден өткізілетін болады.

"Әрине, біз қалаға кіруге рұқсат берілсе, бірден зақымдалған ғимараттарды жөндеуді бастап кетеміз. Құрылыс және сәулет басқармасына хат жібердік. Олар қанша үй жөнделетінін санайтын болады. Смета жасалады. Көп үйлердің терезелері мен шатырларын ауыстырып, қабырғаларын сылау керек. Электр желілерін қалпына келтіру керек. Қазір нақты қажет соманы айта алмаймын. Біздің мамандар санап, нәтижесін айтады. Таяу арада нақты ақпарат болады. Әрине, қаражаттың көп бөлігі бюджеттен бөлінеді. Сосын кәсіпкерлеріміз бен қала тұрғындары бөлген қаражатты да жұмсаймыз"-деп түсіндірді қала басшысы. .



Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже