Алматыда өгей әкесі ұрып-соққан бала ісі: Қылмыстық іс адам өлтіру бабына ауыстырылды

03 қазан, 12:00

Күдікті қазіргі таңда қамауға алынды.

Бұған дейін 2 жасар ұлын соққыға жыққан ер кісінің үстінен ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалған еді.

Баланың миында қан ұйып, іші соғылып, ауыр соққымен ауруханаға түскен бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. Бірақ бүлдіршін есін жимастан қайтыс болды. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, баланың өлімі тіркелген соң қозғалған қылмыстық іс ҚР ҚК 106-бабынан 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша ауыстырылды.

Еске салсақ, бұл жантүршігерлік оқиға 23 қыркүйек күні орын алды. Ес-түссіз жатқан бүлдіршінді ауруханаға өгей әкесі алып келген. Баланың миында қан ұйыған, көп жарақат алған, іші соғылған, аяқ-қолдары ұрылған. Бала комаға түсіп қалған. Ер кісі дәрігерлерге бүлдіршін құлап қалды деп айтқан. Алайда ақ халаттылар бүлдіршіннің жағдайын көріп, дереу полицейлер шақырған. Полиция ең алдымен баланың 34 жастағы өгей әкесінен сұрақ-жауап алды. Тергеу материалдарының арқасында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды. Баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Жылаған баланы жұбата алмаған өгей әкесі ұрып тастағаны белгілі болды.

Атап өтерлігі, баланың ата-анасы азаматтық некеде тұрған. Осыдан 1,5 ай бұрын Алматы облысынан қалаға көшіп келген.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже