Арыс: Қала әкімі радиацияға қатысты мәлімдеме жасады

17 шілде, 20:20

Арыс қаласының әкімі денсаулығымыз нашарлап кетті, радиациялық қауіптің болуы мүмкін деп дабыл қаққан тұрғынға жауап берді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

"Жарылыс болғалы бері осындамын. Мен ешқайда кеткен жоқпын. Тұрғындар тұтынып отырған суды мен де ішіп отырмын" деген Арыс әкімі Мұрат Қадырбек халыққа радиация мәселесі бойынша алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Оны тиісті мамандар тексеріп, қорытынды шығарған. Ауыз су мәселесіне қатысты да келер зиян жоқ.

Сонымен қатар қала әкімі өлім-жітім саны көбейіп кетті дегенмен де келіспейді. Оны тиісті мекемелер бақылап отыр. Бірақ жарылыстан бері қанша тұрғынның қайтыс болғаны туралы нақты санын білмейтінін жасырмады.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі де Арыста адамдар жаппай қайтыс болып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Түркістан облысы, Арыс қаласында адамдар қайтыс болып жатыр деген ақпарат шындыққа еш жанаспайды. Сондай-ақ, "Арыста радиация қаупі бар" деген ақпарат жалған болып есептеледі. Осыған дейін еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Арыс қаласында болған жиында ешқандай радиация жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді" делінген ведомство мәліметінде.

Арыс қалалық әкімдігі кейінірек жойқын жарылыстан кейін орын алған өлім-жітім саны (өлім себебі айтылмады) туралы мәлімет берді. Ондағы ақпаратқа сәйкес, маусымның 25-сі мен шілде айының 12-сі аралығында Арыста 16 тұрғын қайтыс болған. Олардың басым көпшілігі қарт тұрғындар болса, араларында 1980, 1986,1990 мен 2019 жылы дүниеге келген азаматтар бар. Айта кетерлігі, бұл тізімге күні кеше кенеттен қайтыс болған 18 жастағы жас жігіт енбеген. Жалпы айтқанда, Арыста жарылыс орын алғалы бері 20 жергілікті тұрғын бақилық болды, оның үшеуі (екеуі әскери қызметкер, біреуі шағын орталық жұмысшысы) жарылыс кезінде көз жұмған.



Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже