​Арыс қаласының әкімі: "Нұр Сұлтан әкімі маған уәде берді"

15 шілде, 19:00

Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өсенбаевтың қатысуымен ведомство ұйымдастырған пресс-тур кезінде айтты.

Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға (әр секторға еліміздегі облыс пен мегаполистер жауапты) бөлініп жүргізілуде. Мұрат Қадырбектің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына берілген секторда арыз-шағымдар көптеп түсуде. Себебі онда жөнделетін үй саны көп және атқарылатын жұмыстар күрделі.

«Жалпы алып қарағанда, Нұр-Сұлтанға берілген сектор қиындау. 600-дей үй бар, 59 көпқабатты үй. Көпқабатты үйдің жартысынан көбі бұзылып, қайтадан жұмыс жасалуы керек. Ал жеке тұрғын үйлер жарылыс болған жерге жақын орналасқан және жолдың жағасындағы ескі үйлер болғандықтан бұл сектордағы құрылыс күрделілеу. Бірақ салыстырмалы түрде айтатын болсақ, басқа сектордағы құрылысшы санымен салыстырғанда бұл жерде аз емес істеп жатқан. Мен таңертең Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен де, оның орынбасарымен де «Мына жерде сіздерде адамдар жеткіліксіз болып жатыр, арыз көп түсуде, жұмысты жеделдету керек» деп сөйлестім. Олар бүгіннен бастап жеделдету жұмыстарын бастап кетті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі маған уәде берді, бүгін немесе ертең келетін болды»,-деді Арыс әкімі Мұрат Қадырбек.

Пресс-тур кезінде жарылыстан зардап шеккен Арысты қалпына келтіру жұмыстары таныстырылды. Оныншы, яғни, Шымкент қаласына берілген сектор аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шымкент әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиевтің айтуынша, Арыстағы 636 үйді жөндеуге Шымкент әкімдігі жауапты. 24 үйде құрылысты түгелімен жасау керек, яғни, қайта салу қажет. Ал 7 үй жарылыс кезінде толығымен жанып кеткен. Қазіргі таңда бұл сектор аумағында 450 құрылысшы жұмыс жүргізіп жатыр.

Құрылысшылардың күн-түн демей қызу жұмысқа кірісіп кеткенін көрсе керек, Арыстың өзге тұрғындары биліктегілерді дәл осы сектор аумағына арнайы іздеп келіп, шағымдарын айтып үлгерді.

Өз кезегінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өсенбаев Арыста жөндеуді қажет ететін әрбір тұрғын үй бақылауда екенін алға тартты. Барлық мәселе ескеріліп, тез арада шешу жолдары қарқынды жүргізіліп келеді.

Айта кетейік, күні бүгінге дейін Арыс қаласында нақты 1091 үйдің жұмысы толық аяқталды. Қазіргі таңда 4362 үйдің құрылыс және жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.

Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже