Бейбіт Атамқұлов жаңа қызметке тағайындалды

18 қыркүйек, 20:45

​Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметінен босатылсын. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Elitar.kz хабарлайды.

Бейбіт Атамқұлов 1964 жылы туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор мемлекеттік экономика және қаржы университетін бітірген.

Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Норильск тау-кен металлургия комбинатының мыс қорытатын зауытында балқытушы болып бастады.

1985-1991 жылдары Шымкент қорғасын зауытында металл балқытушы, ауысым шебері, инженер-технолог, жетекші инженер болып жұмыс істеді.

1991-2006 жылдар аралығында коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

2006-2012 жылдары дипломатиялық қызметте болды. Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы, Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалған.

2012 жылғы қазаннан Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы;

2014 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болған.

2015 жылғы тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кірісті.

2016 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалды.

2018 жылдың желтоқсанынан бастап күні бүгінге дейін ҚР Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып келді.

Ал Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.