Үкіметте Шымкентті дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды

09 шілде, 12:04

Бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ұсынған 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспары қабылданды, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылдың 29 сәуірінде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді. Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылмақ. «Республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд теңге және 68 млрд теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтылмақ», - деді Ғ. Әбдірахымов.

Премьер-министр Асқар Мамин алдағы уақытта инвестициялық және экспорттық әлеуетті арттыруды тапсырды.

«Шымкент қаласы Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі саналатыны белгілі. Қала халқының саны бір миллионға жеткен кезде Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осыған байланысты Үкімет пен қала әкімдігіне Шымкентті дамыту мен құрылыс салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылған болатын», - деп еске салды ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Жалпы, оның айтуынша, кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін ағымдағы жылы 500 мыңнан бастап кезең-кезеңмен жылына 1 млн шаршы метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

"Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Шымкент-сити АЭА құру мәселесі бойынша әкімнің ұсынысын қарасын. Шымкенттің географиялық орналасуы мен қолайлы климаттық жағдайлары бар. Цитадель қалашығын қайта жаңартуды аяқтау және халықаралық деңгейдегі ойын - сауық паркі мен аквапарк салу, сондай-ақ басқа да жобаларды іске асыру туристердің қосымша келуін қамтамасыз етеді", - деп толықтырды Қазақстан Премьер-министрі.

Ол жоспарды жүзеге асыру жалпы өңірлік өнімді 2018 жылы 2 трлн теңгеден 2023 жылы 3,5 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже