ІІМ белсенді Руслан Жанпейісовтің тұтқындалуына байланысты түсінік берді

27 қыркүйек, 19:05

Шымкентті белсенді Руслан Жанпейісовтің тұтқындалуына байланысты ІІМ түсінік берді.

Бұл туралы ҚР ІІМ Facebook-тегі ресми парақшасында жария етті.

"Бүгін көпшілік үшін Руслан Жанпейісов ретінде белгілі Раимбеков Бибарстың ұсталғаны белгілі болды.

Белгілі Бибарс Раимбеков бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. ҚР ҚК-нің 175-бабы 2-бөлігі (ұрлық), ҚР ҚК-нің 103-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), ҚР ҚК-нің 399-бабы (ақпаратты жасырын алудың арнайы құралдарын заңсыз пайдалану) бойынша үш соттылығы бар және түзеу мекемелерінде жазасын өтеген. 2019 жылы 26 қыркүйекте Б. Раимбеков ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында (бұзақылық), 107-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында (бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) және ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігінде (билік өкілін қорлау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдік бойынша ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды" делінген жазбада.

Сонымен қатар ведомство мәліметіне сенсек, 2019 жылы 11 қыркүйекте Шымкент қаласының Әл-Фараби полиция басқармасына Шымкент қаласының тұрғыны денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша Б.Райымбековтің үстінен арызданған.

"Анықталғаны, белгісіз тұлға мотоциклмен жәбірленушінің автокөлігін соңынан жүрген. Автокөлік тоқтағаннан кейін, жәбірленушінің ізіне түскен ер адам аэрозольдық құрылғыдан оның көзіне атқан.

Тергеу барысында Б.Райымбековтың бұзақылық әрекеттерін дәлелдейтін бақылау камераларының бейнематериалдары зерделенді, осы факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.⠀

Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, жәбірленушіге көру өткірлігін жоғалту белгісі бойынша денсаулыққа орташа зиян келтірілген. Осыған байланысты 26 қыркүйекте факті бойынша ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды" делінген ІІМ ресми хабарламасында.

Бұдан өзге 2019 жылы 5 қыркүйекте полиция қызметкерінен Б.Раимбеков қызметтік міндеттерін атқару кезінде оны былапыт сөздермен қорлағаны туралы арыз келіп түскен. Сараптама қорытындысына сәйкес, Раимбеков әңгімесінде полиция қызметкеріне қатысты әдепсіз және қорлайтын сипатқа ие сөздер бар болып шыққан. Аталған факті бойынша 378-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже