Мамин Шымкенттегі ірі кәсіпорындарды аралады

11 шілде, 11:58

Асқар Мамин Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында басталған, 2020 жылы мамыр айында аяқталады. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушы болатын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есе арттырады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Үкімет басшысы «Химфарм» зауытына барып, отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынын тексерді. Кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі, бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен астамын құрайды.

Кәсіпорынды аралау барысында Премьер-Министр инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көрді, сондай-ақ «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасының аясында іске қосылған Цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын бағалады. Қазіргі кезде халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн АҚШ доллары болатын аса ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.


Жалпы, Шымкент қаласы – Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған «Оңтүстік» индустриялық аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» экспортқа бағытталған кәсіпорынға барды. Металлургия зауытының жобалық қуаттылығы – жылына 250 мың тонна болат дайындама.

Өңір экономикасын дамытуда «қарапайым заттар экономикасына» ерекше рөл берілген. Үкімет басшысы «Рахат-Шымкент» ЖШС-на барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін көрді. Заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 аталымдағы 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны туралы баяндалды.


Аралау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы қала әкіміне Шымкент қаласын дамуының 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажеті шараларды қабылдауды тапсырды. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұл өңірдің ЖӨӨ көлемін 2018 жылғы 2 трл-нан 2023 жылға қарай 3,5 трлн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже