Митинг кезінде бүлдіршін гүл сыйлаған жауынгердің кім екені анықталды

14 маусым, 13:00

Көптің жүрегін елжіреткен фотодағы жауынгердың есімі - Шамиль Хасанов. Талғардың жігіт. Ұлттық гвардияның 5573 әскери бөлімінің жауынгері, деп хабарлайды Elitar.kz.

Гүл сыйлаған бүлдіршіннің анасы желідегі парақшасында жас жігіт туралы жазба қалдырып, ата-анасына тәрбиелі ұлды өсіргені үшін алғысын жаудырды. Сонымен қатар жауынгермен өзі және қызының қайта кездескісі келетінін жазды. Айтпақшы, сәбидің анасы Саяжан Досжанованың мәліметінше, жас жігіттің бұл әрекеті үшін әскери бөлімдегілер мадақтаған.

Жауынгер Шамиль Хасанов та желіде тарап кеткен фотоны өз парақшасында жария етіп, "Жауынгер сәбилерді ренжітпейді" деп жазды.

Еске салсақ, Қазақстан Президент сайлауы күні және кейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тұрғындар наразылық митингісіне шыққан болатын. Митинг кезінде кішкентай бүлдіршіннің арнайы жасақ жауынгеріне гүл сыйлап жатқан сәтінің фотосы әп-сәтте ғаламторды шарлап кетті.

Көп ұзамай сәбидің анасы фотоның қалай түсірілгенін айтып берді. Әйелдің айтуынша, митинг туралы ол мүлдем бейхабар болған. Анасымен және қызымен бірге сайлау учаскесінен дауыс беріп шығып, өзге жұмыстарымен кетіп бара жатқан. Ал қызының гүлді жұлып алып, сыйлап жатқан сәтін өзі қызық көріп фотоға түсіріп алыпты. Кейін оны әлеуметтік желілердегі парақшасына салған. Ол бұл фото осыншама танымал болып, көптің жүрегін елжіретеді деп мүлдем ойламаған.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже