Түркістан облысында бір түнде екі газ құю бекетін тонаған қылмыстық топ ұсталды

24 желтоқсан, 17:48

Келес АПБ-не ауданға қарасты ауылдың бірінде орналасқан газ құю бекетінде жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз шағымында тас жол бойындағы газ құю бекетінде таңғы 04:00-дер шамасында жұмыста отырған кезінде белгісіз азаматтар келіп, газ құйып беруге шығуын өтінгенін, бірақ ол сыртқа шыға бергені сол әлгі жігіттердің бірі басынан белгісіз затпен ұрғанын көрсеткен. Келесі біреуі кассадағы ақшаны беруді талап еткен. Кассада ақша жоқтығын көрген күдіктілер, жәбірленушінің қалтасындағы құны 70 000 теңге тұратын ұялы телефонын тартып алып, келген көліктеріне мініп, Жетісай ауданы бағытына кетіп қалған.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жылдам жеткен полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Алдын ала тергеу барысында жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданумен немесе тікелей осындай күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл жасалғаны анықталды.

"Келес АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің көлігін анықтап, осы іске қатысты 4 күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады. Күдіктілер Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Олардан жәбірленушінің ұялы телефоны айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктілердің бұл газ құю бекетінен бұрын, жарты сағат алдын 30 шақырым қашықтықта орналасқан жанар-жағар май бекетінен жанармай толтырып құйдырып алып, ақшасын төлемей кеткені белгілі болды" делінген ведомство мәліметінде.

Қылмыстық топтың Шымкент қаласындағы осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже