Шөкеев: "Жұмысты ұйымдастыруға әлі келмеген шенеуніктерге тиісті шара қолданамын"

01 шілде, 23:50

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elitar.kz.

"Түркістан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауы" деген атаумен тіркелген парақшада аймақ басшысы жұртшылыққа Арыс қаласында бір ай бойы тұратынын тағы да еске салды.

"Бір ай Арыста тұрып құрылысты қадағалайтын боламын. Жұмысты ұйымдастыруға әлі келмеген шенеуніктерге тиісті шара қолданамын.
Апталық аппараттық мәжілісте Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындардың қауіпсіздігі, атаулы көмекті уақытылы есептеу мәселелері талқыланды. Шаруа тез жүру үшін 17 секторға 51 адам бекітіледі. Құрылыс жүргізу, гуманитарлық көмекті бөлу, қауіпсіздік сақтау, тұрғындарды ақпараттандыру және басқа да мәселелер туралы деректер жиналатын жекелеген штабтар құрылатын болады" деп жазды ол.

Сонымен қатар өңір әкімі Арыста үйлерді тексеру, актілер жасау жұмыстары аяқталуға жақын екенін де атап өтті. Ал кейбір үйлердің есік-терезелері ауыстырыла бастаған. Қазіргі таңда үйлерді жөндейтін мердігерлер анықталып үлгерген.
"Қаланы қысқа мерзімде қалпына келтіру үшін шын жүрекпен жұмыс істеу қажет деп ойлаймын" деп сөзін түйді Өмірзақ Шөкеев.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже