​Шымкент мектептерінде МӘМС арқылы медкабинеттер жаңартылуда

24 ақпан, 16:15

Шымкентте міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі (МӘМС) бойынша мектеп қабырғасында оқушыларға көрсетілетін медициналық көмекті таныстыру мақсатында пресс-тур өтті.

Шара барасында тілшілер №65 мектеп қабырғасындағы медициналық пунктің қабылдау бөлімі мен ем-шара кабинетінің жұмысымен танысты. Мектептегі медициналық кабинеттерде алғашқы медициналық көмек және профилактикалық қызметтер көрсетіледі. Білім ұяларындағы медицина мамандары автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Мұнда бірыңғай жүйе арқылы оқушының денсаулық жағдайы туралы ақпарат жергілікті емханаға хабарланып отырады.

«Міндетті медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиал директорының орынбасары Шалқар Шеримов биыл қаладағы мектеп медицинасының дамуына 1 миллиардтан астам қаражаттың бөлінгенін мәлімдеді. Бөлінген қаржы бойынша мектеп қабырғасындағы балаларға жыл сайын профилактикалық тексеруден өту және стоматологиялық медициналық көмектер көрсетіледі.

«Жыл басынан бері шаһардағы барлық білім ұяларындағы медициналық кабинеттерді қайта жабдықтап жатырмыз. Мамандар санын да көбейтеміз. Бұл өз кезегінде оқушылардың денсаулығын жақсартып, балалар арасындағы түрлі аурулардың алдын-алуға септігін тигізеді»,- деді Шалқар Шакимұлы.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 137 мектеп бар. Оларға 18 медициналық мекеме МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже