Суға кеткен азамат полицейлердің қырағылығының арқасында аман қалды

18 маусым, 17:16

Оқиға 2019 жылдың 15 маусымы күні сағат 19:00 шамасында Түркістан облысы Шардара қаласы Сырдария өзені бойында орын алды, деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Шардара АПБ-нің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Шаукат Ибадуллаев әріптесі Айдана Наханшақызымен бірге өзен маңын рейдтік іс шара аясында торуылдап келе жатып, кенет суға батып бара жатқан адамның жан дауысын естиді. Әп-сәтте тәуекелге бел буған Шаукат бірден суға сүңгіп кетеді. Шапшаңдық танытып бар күш-жігерін жинап, тезірек ер азаматты судан аман алып қалу үшін жүзе жөнеледі. Ақыры иығына салып, дәрменсіз азаматты жағаға алып шығады.

Жағада тұрған әріптесі Шардара АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдана Наханшақызы екеуі бірлесіп құрғақ киіммен орап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Содан соң уақыт жоғалтпай әлгі ер азаматты өз көліктеріне салып алып емханаға жеткізеді.

Құтқарылған азамат ем қабылдап жатыр. Денсаулығы қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

«Бұл ешқандай да ерлік емес, санаулы уақытта көзді ашып жұмам дегенше тез-тез өткен оқиға болды. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Суға батып бара жатқан әлгі адамды көре салысымен бірден суға сүңгіп, бар ойым тек сол азаматты құтқару, аман алып қалу болды. Полицей ретінде айтарым, суға түсерде әрбір азамат қауіпсіздік шараларын ескеріп, абай болса екен...» дейді, Шаукат Ибадуллаев.

Ал, өз кезегінде аяқ астынан өзенге шомыламын деп, батып кете жаздаған азамат өлім аузынан аман алып қалған полицейдің шапшаңдығы мен батырлығына алғыс білдірді.



Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже