Түркістан облысының тумасы блок-бекеттердегі мамандарды үш мезгіл ыстық тамақпен қамтып отыр

08 сәуір, 13:20

​Түркістан облысы, Келес ауданының тумасы жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов елімізде төтенше жағдай басталғалы бірнеше аудандағы блок-бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрған мамандарды тегін үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр.

Жеке бизнесін Қарағанды қаласында дөңгелетіп отырған азамат елдегі жағдайды сырттан бақылап отыра бермей, қиын кезде жұртқа жәрдем беруді азаматтық парызы санапты. Осылайша туған өңіріне қолынан келген көмегін қашықтықтан ұйымдастырып көрсетіп отыр. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкер «Біз біргеміз» акциясы аясында сәуір айының 5-інен бастап Жетісай, Шардара, Төлеби аудандарындағы блок-бекеттеріндегі мамандарды ыстық тамақпен қамтып отыр.

«Төле би мен Жетісай аудандарындағы блок-бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрған мамандарды тегін үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз. Олар Жетісайда 30-ға жуық блок-бекет мамандары, Төлеби ауданында аралығы 25 шақырым болатын 5 блок-бекетте 60-қа шақты мамандар. Қажетті шығындар: азық-түліктерді, көліктер мен жанармайды, жұмысшылардың жеке сақтану керек-жарағын, антисептиктерді өз тарапымыздан алдық. Екі сағаттық қашықтықтағы блок-бекеттерге тамақ арнайы термобокстармен ыстықтай күйінде жеткізілуде. Бұдан бөлек, Шардарада карантинге алынған медицина қызметкерлерін жергілікті демеушілер алып келген азық-түлік есебінен асхана блогын ұйымдастырып, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтудамыз. Асхана жұмысшылары жеке сақтану керек-жарағымен және антисептиктермен жарақтандырылған. Осындай елге ауыртпашылық түскен кезде ел азаматтары аянбай еліне, жұртына жәрдем беруі керек деп ойлаймын», - деді кәсіпкер.
Айта кетерлігі, бизнесмен басқаратын ұжым мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Түркістан облысының 20 мектеп-интернатының асханаларын жаңғырту жəне пайдалану келісімшартымен жұмыс істеуде.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже