Түркістанда ерекше саябақ пайда болды

04 қараша, 12:35

Қаладағы Есім хан алаңына жаңадан көрік берген «Гүлдер» саябағы ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала əкімі Рашид Аюпов, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.


«Еліміздің жауһарына айналатын Түркістандағы әрбір нысан біз үшін аса маңызды. Мұндай орындарды жаңғырту арқылы біз тұрғындарға жайлылық пен ыңғайлылық танытуды көздейміз. Ендеше, жаңа саябақ құтты болсын! Туыстарыңыз, дос-жарандарыңызбен керемет кеш өткізудің таптырмас орны боларына кәміл сенімдімін», – деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.


Аталған демалыс орны «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлік еткен кезекті жобасы. Абаттандыру жұмыстарына екі айдың көлемінде уақыт кеткен. Демалыс орнында диаметрі 35 метрлік субұрқақ, 10 үлкен және 72 кіші жарықшамдар, хоббиттер үйі, орталықтар, көгал және гүлдер қойылған. Алдағы көктемде мұнда раушан және басқа да сан алуан түрлі гүлдер егіледі.


Түркістанда саябақтар саны алда да артатын болады. Олардың барлығы бір-бірін қайталамайтын өзіндік ерекше болмақ. Айта кетейік, жақын уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан Отырар мөлтек ауданындағы әкімшілік-іскерлік орталықта жаңа алаң бой көтермек. Жыл соңына дейін Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағы мен кіші аллея қайта жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар қаланың шеткі аумағында салынып жатқан тағы да сегіз аллея пайдалануға берілетін болады.

(Фото: ТО әкімдігінің баспасөз қызметі)

Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже