Елбасы Түркістан қаласына арнайы сапармен келді (ФОТО)

04 қараша, 22:00

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына арнайы сапармен келді. Алдымен кесенеде болған Елбасы кейін "Күлтөбе" алашығы археологиялық паркін құру жобасымен танысты.

Ал кешке қарай Нұрсұлтан Әбішұлы түркістандық халықпен кездесіп, арнайы ұйымдастырылған шараға қатысты. Сахна төріне шығып сөз алған Елбасы Түркістан қаласын облыс орталығы етуді қашаннан бастап жоспарлағанын атап өтті.


"Түркістанды орталық жасау тәуелсіздік алғанның бірінші күнінен бастап есте болған... Естеріңізде болса, арғы тарихқа бармай-ақ қойсақ, өткен ғасырдың өзінде Түркістан Республикасын құрамыз деп осы жерде көп шаруалар болған. Ал енді терең тарихқа үңілетін болсақ, қасиетті өңір, қасиетті жер. Түркістан 21 ханымыздың жерленген, сұлтандардың, әулиелелердің осы жерде мәңгілік орын тапқан өте киелі жер.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, мен осы жерге көз тіктім. Тіпті Астананы таңдаған кезде де келіп, біраз ойландым. Бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз де білесіз. Міне, енді уақыты келді, Түркістан қаласын облыстың орталығы жасап, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіншілігі қолымызға тиді. Сондықтан бұл енді бүкіл түркі дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Мына жердегі Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, барлығы қуанып жатыр. Құдай бұйыртса, олар да атсалысып бізге көмектеседі деп сенемін",-деді Елбасы Түркістан халқымен жүздесу кезінде.
Тұңғыш Президенттің айтуынша, Түркістанда 175 ғимарат салынады деп жоспарланған, соның 102-сі биыл іске қосылады.

"Бұйыртса әдемі қала болады, халқы өседі. Қазір 175 мың халық тұрады. Меніңше аз уақыттың ішінде жарты млн, одан да көп болатын шығар деп ойлаймын. Бұл жердің саябағы да, жолдары да болады. Түркістанның құрылған жері талай жолдың торабы дейді. Қытайдан Еуропаға кететін үлкен дәліз, темір жол, бәрі бар. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанымызда тағы да бір керемет орталық, керемет тарихи қала болайын деп отыр. Бұл - бәріміздің қуанышымыз",-деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Өз сөзінде Елбасы болашақта киелі шаһарға келуші туристер саны артып, соның нәтижесінде жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсаратынына сенім артты.

"Түркістан әдемі болады, жан-жақтан адамдар келетін болады. Биылдың өзінде млн-ға жуық турист келіпті. Ал мына ғимараттардың барлығы салынғаннан кейін (тарихи, неше түрлі мәдениет ошағы, спорт нысандары) қаптаған туристер келеді. Туристердің барлығы елге жұмыс береді. Салынып жатқан ғимараттың барлығында, қонақ үйде қаншама түркістандық жұмыс істейтін болады. Барлығы ақша, қаражат табады. Әл-ауқаты түзеледі. Соның барлығы - халықтың қамы. Қазақстанымыз жасай берсін, Түркістан жасай берсін..." деп сөзін түйді Тұңғыш Президент.

Айта кетейік, жоспар бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына сапары ертең, 5 қараша күні де жалғасады.


Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже