Жетісайда қылмыстық топ мүшелері бір түнде бірнеше үйге ұрлыққа түскен

07 қараша, 13:28

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазан айының соңында Жетісай АПБ-нің кезекшілік бөліміне бірден жергілікті 3 тұрғын қоңырау шалып, пәтерлерінен қомақты қаражаттары мен бағалы әшекей бұйымдарының ұрланғандығын айтады. Аталған жайттарды аудан полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдарын жүргізеді. Полицейлер осы аталған іспен айналысып тексеру амалдарын жүргізіп жатқанда, аудандағы мақта қабылдау пунктерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы арыз түседі. Аталған арыз ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркеуге алынды.Полицейлер тарапынан қарқынды түрде қылмысты ашуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп, бұл қылмыстарды бір топ мүшелері жасағаны анықталды.

"Белгілі болғандай күдіктілер пәтер иелерінің үйлерінде жоқ екендігін пайдаланып, алдын ала сөз байласып, бір түн ішінде қатарынан бірнеше үйге ұрлыққа түскен. Ал аудандағы мақта қабылдау пункттерінің біріне сағат түнгі 3:30-дар шамасында жасалған қарақшылық шабуыл кезінде күзетшіні ұрып, соғып, байлап, кассирді қорқыту арқылы ондағы сейфтен 1 млн 700-мыңнан астам ақша мен күзетшінің қалтасындағы 120 мың теңгесін және қымбат тұратын ұялы телефонын алып кеткен. Полицейлер әккі күдіктілердің ізіне түсіп, осы қылмыстарды жасаған бір қылмыстық топ екендігін анықтады. Мүмкіндіктердің барлығын пайдаланған тәжірибелі полицейлер қылмыстық топ мүшелерін өз көлігімен алып жүрген күдіктіні қолға түсірді. Көлік иесімен бірге қылмыстық топ мүшелері 5 адамнан құралған. Қазіргі таңда олардың төртеуі құрықталды. Екеуі Алматы облысының бұрын қарақшылық бойынша сотты болған тұрғындары, ал тағы екеуі Жетісай ауданының жергілікті тұрғындары. Бесінші күдікті яғни, Қазығұрт ауданының тұрғыны бүгінгі таңда іздеуде. Оған қатысты қазіргі уақытта жедел іздестіру шаралары қолға алынған" делінген департамент мәліметінде.
Аталған қылмыстық топ мүшелерінің пәтер ұрлығының 10 жайтына қатысы бар екендігі анықталды. Жалпы шығын көлемі 8 миллион теңгеге жуықтайды. Ал ұсталған қылмыскерлерден 700 мың теңге мен үй иесінің бірінен ұрланған бұйым тәркіленді. Жетісай АПБ қызметкерлері олардың тағы да басқа осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Ұсталған күдіктілер қамауда. Тергеп тексеру амалдары жалғасуда.

Танымал мақалалар

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже