Ерлі-зайыпты кәсіпкерлерді өлтірген жігіт 25 жылға сотталды

01 шілде, 13:00

Кәсіпкерлікпен айналысқан ерлі-зайыптыны өлтіріп кеткен жігіт 25 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Elitar.kz.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы осындай үкім шығарды.

Ақпан айының алтысына қараған түні Шымкент қаласы А.Байтұрсынов көшесіндегі 212 үйге қаруланып келген жігіт жертөледен кірген. Бірінші қабаттағы бөлмеде жерде жатқан 64 жастағы үй иесі енді бұрылып қарай бергенде басынан қарумен атқан. Жатын бөлмедегі үй иесінің жұбайының тұрып жатқанын байқаған сотталушы дереу асхана пышағын ала жүгірген. 62 жастағы әйел кісінің кеуде, мойын, ішінен көптеген пышақ жарақатын салған. Одан кейін сотталушы жәбірленушілердің жатын бөлмесінен сейфті тауып, ақша мен бағалы заттарын алып кеткен. Нақтырақ айтқанда, 2 млн 300 мың теңге мен құны 1млн 690 мың теңге болатын әшекейлерін алып, оқиға орнынан із суытқан.

Жедел іздестіру шарасы нәтижесінде тәртіп сақшылары қандықолды көп ұзамай құрықтаған. Ол бұрын жәбірленушілердің көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Оған ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігі 1,8-тармақтарымен, 192-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылып, кінәлі деп танылған.

"Сотталушы Е.Қ.ке ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі 1,8-тармақтарымен 15 (он бес) жыл мерзімге, ҚК-нің 192-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен 8 (сегіз) жыл мерзімге, ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігімен 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінің талаптарына сәйкес, тағайындалған жазаларды толық қосу жолымен Е.Қ.ке түпкілікті 25 (жиырма бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Тағайындалған жазаны Е. Қ.ке қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленген,"-деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже