Түркістан облысында жүкті әйел полиция көлігінде босанып қалды

04 қазан, 11:58

Жүкті келіншек патрульді полиция көлігінде босанып қалды, деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаменіне сілтеме жасап Elitar.kz.

"Кеше кешкі ағат 20.00-дер шамасында Кентау қаласы, Үшқайық ауылдық округінің полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын жүкті әйеліне көмек қажет екенін айтып хабарласты. Ер кісі жедел жәрдем қызметіне түсе алмаған. Хабарлама келіп түсе салысымен полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаев қызметтік көлікпен мекенжайға келіп жетті. Тәртіп сақшылары жүкті әйел мен оның күйеуін көлікке отырғызып, перзентханаға алып жеткізбек болды" делінген полиция департаменті берген хабарламада.

Алайда толғағы қысқан әйел перзентханаға жетпестен Түркістанға кіре-беріс тұста патрульді полиция көлігінде босанды. Тәртіп сақшыларының көмегімен дүниеге ұл бала келді. Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп, жаңа туған сәби мен оның анасын Түркістандағы ауруханаға алып кетті.

Екінші рет әке атанған кентаулық тұрғын полицейлерге алғыс білдірді.

"Біздің ұлымыз полицейлердің көмегімен аман-есен дүниеге келді. Егер олар болмаса келіншегім мен ұлыма не болатынын тіпті елестете алмаймын. Осы ретте тәртіп сақшыларына зор алғысымды білдіремін. Бұған дейін біздің ауылдың учаскелік полицейлері шұғыл жағдайда көмек қажет болса, хабарласыңыздар деп өздерінің байланыс нөмерлерін тұрғындарға қалдырған болатын. Әрине, олардың көмегі тиді. Сол сөз есіме түсіп, бірден соларға хабарластым",-деді тұрғын Виталий Барабаш.

Қазіргі таңда сәби мен оның анасының жағдайы жақсы. Олар ауруханадан шығарылды.


Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже