Құрғақ уәдеден шаршаған боксшы Фируза Шарипова спорттық мансабын аяқтады

27 қыркүйек, 13:46

Танымал қазақстандық боксшы Фруз Шарипова спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды. Спортшы бұл шешімді қаржыландырудың болмауына байланысты қабылдағанын атап өткен.

"Құрметті достар! Мен спорттық мансабымды аяқтауды шештім. Жаттықтырушыларыма, менеджеріме, өз командамызға үздік жұмысы үшін алғыс айтқым келеді! Біз бірге Қазақстанның бірнеше рекордтарын орнаттық. Бізден басқа ешкім де осындай қысқа мерзім ішінде кәсіби бокста үлкен нәтижелерге қол жеткізе алмады.

Өкінішке орай, бізге кәсіби бокстағы басты титулға жетуге бір ғана қадам қалып еді. Біз Қазақстан үшін WBC әлем чемпионы атағын жеңіп алуға 2018 жылдың өзінде дайын болдық. Бірақ қаржылық мәселеге байланысты жасай алмадық. Бізге WBC әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек ұйымдастыруға қаржы жағынан көмек беріледі деп көп уәде етілді, бірақ ақша бөлінбеді.
Екі жылға жуық біз кез келген уақытта осы титулды жеңіп алу үшін жаттығуды тоқтатпадық.
Шыны керек, мен күте-күте шаршадым. Үлкен жеңістерге жету оңай емес. Көптеген маңдай терді, жүйкенің жұқаруы, сонымен қатар ақшаны да қажет етеді.

Өкінішке орай, мен қаншама еңбектенгеніммен алдағы перспективаны көріп тұрған жоқпын. Осы уақыт ішінде үміт күттіретін уәделер көп болды, бірақ олардың барлығы да сол күйінде қалып қойды. Ал өмір, уақыт өтіп жатыр, ал мен оны күтумен өткізгім жоқ.

Осы жылдар бойы қолдаған барлық жанкүйерлеріме үлкен рахмет айтқым келеді. Бас титулды жеңіп алып, сіздерді қуанта алмағаным үшін кешірім сұраймын. Мен барынша тырыстым, бірақ бұл әлемде бәрі маған ғана байланысты емес", - деп жазды Шарипова.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже