Шавкат Мирзиеев күштік құрылым өкілдерінен арықтауды талап етті

04 наурыз, 12:28

​Тіпті мерзім де белгіледі. Алты айда артық салмақтан арыла алмағандар органнан кетеді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзииев Наманган облысының белсенділерімен кездесуде республиканың ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің қызметкерлерін артық салмақтары үшін сынға алды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мемлекет басшысы оларға арықтау үшін 3-6 ай уақыт берген.

Нақты айтқанда Kun.uz және Daryo.uz интернет-басылымдарының хабарлауынша, 1 наурызда Наманган облысының белсенділерімен кездесу кезінде президент Шавкат Мирзиеев күштік құрылымдағы кейбір қызметкерлердің артық салмағына баса назар аударған.
"Бізге артық салмақты офицер немесе қызметкер қажет емес. Олар қалай қылмыскер ұстай алады? Спортпен шұғылдансын. Бұл мен үшін емес, өздерінің денсаулығы үшін қажет. Үш немесе алты ай уақыт береміз, өздерін тәртіпке келтіріп, артық салмақтан арылсын", - деген президенттің сөзін Daryo.uz порталы келтіреді.
Еске салайық, Шавкат Мирзиеев артық салмақ мәселесін медицинадағы реформалар нәтижесін сараптауға арналып, 2018 жылдың 9 қарашасында өткен видеоселекторлық жиында да көтерген еді.
Президент онда "Аз қимылдау және дұрыс тамақтанбау салдарынан Өзбекстан халқының жартысында артық салмақ бар, 46 пайызының қанының құрамында холестерин көлемі жоғары, 31 пайызының қан қысымы жоғары", - деген болатын.
Мирзиеевтің осы мәлімдемесінен соң Өзбекстанның бірқатар мемлекеттік мекемелері өз қызметкерлерінен тез арада артық салмақтан арылуды талап еткені, ал кейбір мемлекеттік ұйымдарда қызметкерлерге салмақты қалыпқа келтіру бойынша ішкі нұсқаулықтар таратылғаны жайлы хабарлама тарады.

Сауалнама

Ақпараттың қандай түрі сіздің қызығушылығыңызды оятты?

Нәтиже