ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті мен прокурорлары мемлекет қазынасын қалтасына басқандардың жолын кесті. Олар, сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысы.
2023–2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар ұсыну арқылы жабдықтың құнын үш есе арттырған.
Ал, оған дейін, тиісті орталыққа, қажетті техникалар үшін республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінген.
Осыны өз пайдаларына асырмақ болған мамандар, сатып алу конкурсы жарияланбай тұрып, техникалық сипаттамаларда тек өздері танитын компаниялар ғана ұсына алатын жабдықтар көрсеткен.
Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды.
Сонымен қатар, банк есепшоттарындағы 1,6 миллиард теңге, 367 мың АҚШ доллары және 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды.
Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.