Қостанайлық полицейлер, жол ережесін бұзған ВАЗ 21907 көлігін байқап, күдікпен тоқтатқан болатын. Оны тексеру нәтижесінде, есірткі заты тәркіленді. Күдікті, 27 жастағы жергілікті тұрғын.
Ал, медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің каннабиноидтар әсерінде болғаны анықталды деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
«Тексеру барысында автокөліктен ақ ұнтақ салынған zip-пакеттер, түрлі-түсті орамдар, электронды таразы, қолғаптар мен оқшаулағыш лентамен тығыз оралған бумалар табылды. Ұсталған азамат кейіннен жедел уәкілдерге жасырын қоймалардың орналасқан жерін көрсетті. Қала аумағы мен Аманқарағай ауылы маңындағы орман алқаптарынан тағы да есірткіге ұқсас заттар жасырылған орамалар анықталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың мефедрон екенін растады. Жалпы салмағы 210 граммды құрайтын бұл зат шамамен 400 бір реттік дозаға тең. Осылайша, аса қауіпті есірткі қала тұрғындарына жетпей, дер кезінде тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтау және сату бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деп жазылған мәлімдемеде.