Алимент өндіру – прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі.
2024 жылы Алматы облысы прокуратурасының үйлестіруімен 43 борышкер 176 млн теңге алимент төлемегені үшін сотталды, оның ішінде 6 адам бас бостандығынан айырылды деп хабарлады ҚР Бас Прокуратурасы.
Қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жаза қолданылуда. Әкімшілік жауапкершілікке 194 тұлға тартылып, оның 93-іне айыппұл салынып, 101-і қамауға алынды.
Мысал ретінде 5 жыл бойы ұлына алимент төлемей, 12 млн теңге қарыз жинаған азаматты айтуға болады. Талғар ауданы прокурорының бастамасымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Осыдан кейін борышкер қарызын өтеу үшін жер учаскесін берді.
Борышкерлерге шетелге шығуға, лицензиялар, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды алуға және пайдалануға, сондай-ақ өз мүлкін басқаруға шектеулер қойылуда.
Алиментті уақтылы төлеу үшін жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарға жұмыспен қамту органдары арқылы көмек көрсетіледі. Осы шаралардың арқасында 120-дан астам борышкер жұмысқа орналастырылып, балаларға тұрақты төлемдер жүргізілді.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша Алматы облысында 1 млрд теңге қарыз өндіріліп, 475 кәмелетке толмаған баланың құқығы қорғалды.
Алиментті уақтылы төлеу – ата-ананың міндеті ғана емес, сонымен қатар баланың әл-ауқатына қосылған маңызды үлес.