2025 жылғы 23 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң аясында Ақтөбе облысының прокуратурасы оның талаптарын орындаудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету бойынша бақылау шараларын жүргізуде.
Рақымшылық заңы мемлекеттің қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған қадамы болып табылады және азаматтардың жекелеген санаттарына қатысты гуманизм актісін қолдануды көздейді.
Құжат 2025 жылғы 24 маусымға дейін жасалған құқықбұзушылықтарға қолданылады. Заң күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде құқық қорғау және сот органдары рақымшылыққа жататын істерді қарап, белгіленген тәртіппен шешім қабылдауы қажет.
Рақымшылық келесі санаттағы адамдарға қолданылады:
қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасағандар;
залал келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген, сондай-ақ азаматтық талап қойылмаған орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша сотталғандар;
залалдың немесе азаматтық талаптың бар-жоғына қарамастан, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын тұлғалар.
Прокуратура заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау жүргізіп отыр. Бұл ретте жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, әділеттілік қағидаттарын сақтау және қайталанған қылмыстың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Рақымшылық туралы заңның орындалу барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында болады.