Ақтөбе облысы Алға ауданында шаруалар ірі қараның белгісіз аурудан қырылып жатқанын айтып дабыл қаққан. Шаруалардың сөзіне сенсек, қорада тұрған сап-сау сиыр 7-8 сағаттың ішінде өліп қалып жатыр деп хабарлады massagetкz.
Шаруа Қайрат Тоқсанбаевтың бір апта ішінде 11 сиыры мен 13 бұзауы өлген. Айтуынша, аурудың ешқандай белгілері байқалмаған.
“Сап-сау жүрген сиыр 7-8 сағаттың ішінде шөп жемей қалады да бірден өледі. Алғашқы кезде көп малдың ішінде өлім болады ғой деп мән бермедім. Бірақ екінші күні де сиырларым өле бастады. Содан мал дәрігерін шақырттым”, – дейді Қайрат Тоқсанбаев.
Өлген малдың қаны мен етін алған ветеринарлар алдын ала болжам бойынша, шөптен улануы мүмкін екенін айтқан. Алайда қожалық басшысы бұлай болуы мүмкін емес деп отыр.
Қазір жаңбырдың уақыты неше түрлі шөптер шығып жатыр, содан уланған деп алдын ала диагноз қойылды деді Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.