Әуежай қызметкерлері, ер азаматтан құжаттарын көрсетуді сұраған. Ол, бірден ашуға булығып, шу шығарған.
«Алматы халықаралық әуежайында 2025 жылғы 7 наурызда ішкі рейстер терминалында (Т1) ұшу алдындағы тексеру аймағында төтенше жағдай болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен 11:45-те белгісіз ер адам тексеру аймағына жақындап, өзін жолаушы ретінде таныстырды. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері құжаттарын көрсетуін сұрағанда, ол тексеру қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқыта бастады. Оқиға 7 минутқа созылды, содан кейін құқық қорғау органдары мен әуежай қауіпсіздік қызметінің күшімен ер адам қарусыздандырылып, тұтқынға алынды. Қазіргі уақытта ол полиция бөлімшесінде, ал оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр», – деп мәлімдеді әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежайдағы қызды кепілге алған күдіктіні 52 жастағы азамат ұстады. Ол, Мұса Әбдірайым. Бұрын тай боксы және өзге де соғыс өнерімен айналысқан азамат, алдымен өзін кепілге алуды ұсынған.
«Танысымды шығарып салуға келгенмін. Оның қыз балаға шабуылдап жатқанын көрдім. Өзім үшін емес, соның өмірі үшін қорықтым»,- деді ол.
Президент оны мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.