Алматы қаласының прокуратурасы аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасына қатысты қылмыстық істі тергеуде.
Елге 43 келіден астам марихуана әкелінгені анықталып, тәркіленді. Есірткі заттары ондаған пошта сәлемдемелері арқылы жеткізілген.
Сәлемдемелер еліміздің бірнеше ірі қалаларындағы тұрғындарға арналған болып шықты. Бұл мекенжайларда тінту жүргізіліп, 10 адам ұсталды.
Олардың айғақтары бойынша, есірткі контрабандасын ұйымдасқан кибер топ басқарғаны белгілі болды.
Бұл топ «кураторлардан», «буып-түюшілерден» және «дропперлерден» тұрған.
Оларды үйлестіру Telegram мессенджері арқылы жүргізілген. Қаскүнемдер «Феликс Гальярдо» және «Джордан Белфорт» деген жалған аккаунттарды пайдаланған.
Тергеу барысында Павлодар облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан адам аталған аккаунттардың иесі әрі есірткі дүкенінің ұйымдастырушысы екені анықталды.
Ол кінәсін мойындап, есірткіні елге әкелу схемасы мен криптовалюта арқылы төлем жасау тетігін әшкереледі.
Сонымен қатар, АҚШ-тан есірткі құралдарын сатып алуды қаржыландырған тұлғалар да белгілі болды. Олар да жазасын өтеп жатқан, қылмыстық беделге ие адамдар болып шықты.
Заңсыз табыстары туыстарының атына мүлік сатып алу арқылы заңдастырылған.
Сот шешімімен 5 пәтер, 3 ғимарат, 10 жер учаскесі және 44 автокөлікке тыйым салынды. Олардың жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады.
Бүгінгі күні қылмыстық қудалау аясында 20 азамат тергелуде. Олардың қатарында қылмыстық топқа қамқорлық көрсеткен лауазымды тұлғалар да бар.