Алматыда Қытайдан халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкеліп, аса ірі көлемде жалған шот-фактура жазу ісі бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу нәтижесінде «Group of the Companies TDA» ЖШС-нің уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне қарамастан, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз кіргізгені және бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған құжаттар жасағаны анықталды.
Мемлекетке келтірілген залал 10 млрд теңгені құрады. Тергеу барысында 643 млн теңге өндіріліп алынып, жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарлар мен 300 млн теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.
Сонымен қатар, компаниямен байланыста болған 47 кәсіпорын өз еркімен есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке қосымша 240 млн теңге салық төлеген.
Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.