Алматыда үш қалта ұрысы ұсталды. Оның үшеуі де әйел азаматтары. Олар Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары екен. Күдіктілер көбіне Райымбек даңғылымен жүретін автобустарда ұрлықпен айналысқан. Кезекті қылмыс қоғамдық көлік ішінде орнатылған бейнекамераға түсіп қалған. Ұрлық дерегі Қылмыстық кодекстің 188-бабымен тіркелді.
«Ұсталғандардың бірі – 1985 жылы дүниеге келген азаматша. Ол полицияда «ұры» ретінде тіркелген. Бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін сотты болған. Оның сыбайластары 1985 және 1986 жылы дүниеге келгендер. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Сонымен қатар ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатырмыз», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.