ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен кезекті қылмыстың жолы кесілді. «Asar Baspana» қаржы пирамидасы тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.
Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен. Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.
Нәтижесінде, Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.
«Күдіктілер, салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып«Asar Baspana» логотипімен таңбаланған. 2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген»,-деп жазылған мәлімдемеде.
Күдікті, қылмысын жасыру мақсатында, сайтын техникалық режимге ауыстырған. Алайда, мамандар тиісті деректерге қол жеткізді. Нәтижесінде, 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілгенін анықтады. Сондай-ақ, бір ғана салымшыға көлік берілген.
2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізіліп, 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.
Ал, бауырының үйінен 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды.
Қазіргі таңда, екі азамат екі айға қамауға алынды.