80 жастағы зейнеткер өзінен туған сегіз баласы мен бір немересінен алимент өндіріп беру туралы сотқа талап арыз түсірді.
Зейнеткердің айтуынша, ол соңғы 10 жылдан бері жалғыз тұрып келеді, және бұл уақыт ішінде тек бір ұлы ғана хабарласып тұрған. Қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық немесе моральдық қолдау көрсетпеген.
Талап қоюшының сөзінше, денсаулығы мен материалдық жағдайы күрт нашарлаған, сондықтан туыстарының көмегіне зәру болған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 145-бабының 1-тармағына сәйкес, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға және қамқорлық көрсетуге міндетті. Ал 153-бап бойынша, егер ата-ана немесе ата-әже алиментті балаларынан немесе бұрынғы жұбайынан өндіре алмаса, еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент талап етуге құқылы.
Сот істі қарай келе, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайларын ескеріп, талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Нәтижесінде, сот зейнеткердің тамақ пен дәрі-дәрмекке қажетті шығындарын өтеу үшін сегіз баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде алимент өндіруге қаулы етті.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.