Енді мектеп асханаларында жеңілдікпен тамақтану үшін «Әлеуметтік әмиян» цифрлық ваучерін пайдалануға болады. Жобаны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірлеген. Қазіргі таңда аталған қызмет түрі eGov Mobile мобильді қосымшасында пайда болды.
«Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істейді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Бұл жоба Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Астана, Шымкент қалаларында сынақтан сәтті өткен. Сондықтан, басқа да білім ұяларына біртіндеп қосылады.