Полиция Түркістан облысында бопсалау дерегіне қатысты күдікті ретінде 2 блогерді ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және Сайрам аудандық полиция басқармаларының қызметкерлері бопсалаудың бірнеше фактілеріне қатысы бар екі блогерді анықтады.
Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Сайрам ауданының аумағындағы түрлі ұйымдардың басшыларына қоқан-лоққы жасап, ақша бопсалаумен айналысқан.
Олар, жәбірленушінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпасы үшін ақша алып тұрған сәтте ұсталды. Олардан айғақты зат ретінде 100 мың теңге табылды.
Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Айта кетейік, күдіктілердің бірі бұрын сотталған деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.