Республика бойынша 9660 жеке тұрғын үй мен 3213 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Су тасқыны басталғалы бері 16,4 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,7 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Ал су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасы үш айда дайын болуы тиіс. Бұл туралы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жедел жүргізуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
“Үйлерді сатып алуға немесе салуға қаржы бөлініп жатыр. Басқа шығындар – бұзылған көпірлер, жолдар, электр торабы – оның бәрі бюджет есебінен төленетін болады”,-деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, тасқыннан зардап шеккендерге арналған баспана негізінен, демеушілер есебінен бой көтереді. Әзірге белгілісі, облыс бойынша 18 миллиард теңгеге 651 үй салынады. 9,7 миллиардқа тағы 398 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша дайын үйлер де сатып алынуда.