346
Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы мектеп директоры 600 мың теңге пара алып ұсталған болатын. Аудандық сотта оған қатысты сот үкімі оқылды.
№6 мектеп директорына Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды. Сот отырысында белгілі болғандай, директор зертханашы лауазымына жұмысқа орналастыру үшін танысынан 600 мың теңге көлемінде пара алған. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты.
Сот үкімімен директор кінәлі деп танылды. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни, 18 миллион теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.