Ақтөбеде жасөспірім бала бір күнде екі қылмыс жасаған. Оның бұл әрекетін полицейлер әшкереледі. Polisia.kz. жазуынша, “102” арнасына Қ.Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласында тұрған «Ваз» көлігін белгісіз біреу айдап әкеткені туралы хабарлама келіп түскен. Белгілі болғандай, автокөлік иесі түнде кілтті іште қалдырып, есікті пультпен жауып кеткен екен. Мұны пайдаланған ұры көлікті айдап әкетуге тырысқан, бірақ ауладан шыға берген кезде көлік сөніп қалған.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шараларды өткізу барысында 17 жастағы тұрғынды ұстады. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің сол түні жақын маңнан Lada Granta автокөлігін де айдап әкеткені анықталды. Аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.