Бүгін Алматыда Қазақстан РеспубликасыҰлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай салтанатты жиын өтті.
Алдымен жедел құраманың барлық сардарлар мен жауынгерлері саптық алаңға жиналып, сап түзеп тұрды. Содан кейін, бригада командирі полковник Бақдәулет Оспанбеков 5571 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Әлібек Қабешовтыңбаяндамасын қабылдады.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері салтанатты түрде сап ортасына шығарылуы ұйымдастырылды.
Айтулы шарада сөз алған бөлім командиріполковник Бақдәулет Оралұлы шараның маңыздылығын түсіндіре келе, Мемлекеттік рәміздердің шығу тарихын, мәнін, оларға қатысты деректерді жеке құрамға жеткізді.
– Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – еліміздің Мемлекеттік рәміздерін барынша насихаттау. Сол арқылы сарбаздарымызды патриоттық рухта отансүйгіштікке тәрбиелеу. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болуы үшін біз өз елімізді, туған жеріміз бен Отанымызды ардақ тұтуымыз қажет. Отанын шын сүйген сарбаз өзінің отан алдындағы азаматтық борышын, қандай ауыр болса да абыроймен атқара алады, – дейді полковник.
Маңызды шара соңы жеке құрамның саптық шеруімен аяқталды.
Айта кетелік, бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында 10 әскери бөлім бар. Олардың ішінде 2 әскери бөлім Шымкент қаласында, 1 әскери бөлім Тараз қаласында, 1 әскери бөлім Қызылордада және тағы бірі Талдықорған қаласында орналасқан. Қалғандары Алматыда. Барлығында да Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіліп, күндізгі сағат 10:00-де Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік әнұран орындалды. Бұл шараға жеке құрам 100 пайыз қатысты.