Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ә.Қастеев атындағы колледж жатақханасының құрылыс барысын қадағалау мақсатында нысанды аралады. Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қолға алынған күрделі жөндеу қарқынды жүргізілуде, бүгінде 65 пайыз жұмыстар орындалған. Яғни, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілді. Жоспар бойынша биылғы жылдың қараша айында бітуі тиіс.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстары сапалы, әрі жауапкершілікпен орындалу керек.
Айта кетейік, қаламыздағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толды. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Сондай-ақ, байырғы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған.
Қалада жаңа оқу жылы қарсаңында білім ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге Ынтымақ шағынауданындағы №54 жалпы білім беретін орта мектебінің жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Салынғанына 10 жыл болған ғимарат қолданысқа берілгелі енді күрделі жөндеуден өтуде. 900 орындық нысанның құрылысы маусым айында басталған. Осыған дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Өндірістік кестеге сай мектептің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталып, пайдалануға беріледі. М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен сапаға басымдық беріп, оқушылар қауіпсізідігін қатаң ескеруді тапсырды. Биылғы жоспарға сәйкес жалпы, қалада 9 білім ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталады.
Слнымен қатар, білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.